Halyq Uni логотип
×

Жыл басынан бері мемлекетке 217 млрд теңгенің активтері қайтарылды - Жанат Элиманов

Террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуды көздеген 976 әрекет анықталып, арнайы шоттар бұғатталған

 Динара Амантай 09.10.2023 | 17:22
Жыл басынан бері мемлекетке 217 млрд теңгенің активтері қайтарылды - Жанат Элиманов
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысына Қаржылық мониторинг агенттігінің биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі және алдағы уақытқа арналған жоспары баяндалды.

Жанат Элимановтың хабарлауынша, мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылған, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеген.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданып, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылған. Бұл жұмыс азаматтарды, әсіресе жастарды, есірткіні онлайн сатып алудан сақтайды.

Есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған. Криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылған. Крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленген. Заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылып, ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан.

Елімізде алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салынған.

Бұған қоса, террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуды көздеген 976 әрекет анықталып, арнайы шоттар бұғатталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы адал бизнесті қорғау, қаржы және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама