Halyq Uni логотип
×

«Алдымен отбасым, сосын жұмыс»: Сәбит Шонтақбаев өміріндегі өзгерістер туралы айтты

Оған Төтенше жағдайлар министрлігінен қызметке ұсыныс түскен

 Динара Амантай 16.05.2022 | 14:12
«Алдымен отбасым, сосын жұмыс»: Сәбит Шонтақбаев өміріндегі өзгерістер туралы айтты
фото: instagram.com/altay_kulginov_official/

Елорда әкімі Алтай Көлгінов 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевпен кездесіп, оған жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берген болатын. Осыған байланысты Halyq Uni тілшісі ерлігі мен батылдығы арқылы көпшілікке танымал болған азаматтың қазіргі өміріндегі өзгерістері туралы білу үшін Сәбит Шонтақбаевпен сөйлесті.

Осы уақытқа дейін маған Төтенше жағдай министрлігінен, «Локомотив» зауытынан қызмет ұсынып хабарласты. Бірақ мен әлі нақты шешім қабылдамадым. Алдымен үйдің құжаттарын ресімдеп, отбасымды көшіруге байланысты мәселелерді шешіп алайын. Жұмыс екінші кезекте, – деді Шонтақбаев.

Бұған қоса, ол бүгін келіншегі сәбиімен елордаға келе жатқанын айтты. Сәбит сатып алатын үйіндегі жөндеу жұмыстарын бітіргеннен кейін ғана отбасын толық көшіріп әкелуге ниеттеніп отыр.

Еске салайық, Сәбит Шонтақбаевты Нұр-Cұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те қабылдап, оны Локомотив зауытына жұмысқа орналастыру бойынша келісім барын айтты. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы.

«Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын», - деді Алтай Көлгінов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама