Олар тауарлар мен жұмыстың бағасын негізсіз қымбаттатқан
Шымкентте коммуналдық кәсіпорын басшылары жылу желілері мен электр желілерін жөндеуге бөлінген 1,1 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Шымкент қаласының әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты істі ҚМА Шымкент қаласы бойынша департамент тергеп жатыр.
Коммуналдық кәсіпорын басшылығы қала әкімдігінің бақылауындағы қосалқы мердігерлермен және лауазымды тұлғалармен бірлесе отырып, жұмыс пен тауарлардың құнын жоғарылатып, жылу желілері мен электр желілерін ағымдағы жөндеуге бөлінген 1,1 млрд теңге болатын бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. Күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды.
Шенеуніктер заңсыз жолмен тапқан ақшаны пайдаланып, Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен құны 150 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік сатып алған.
Тергеу сотының санкциясымен барлық мүлікке тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.