×

Бүгін – Халықаралық қарттар күні

Елімізде зейнет жасындағы 2,3 миллионнан астам қарт бар

 Еркеғали Болатұлы 01.10.2023 | 09:55
фото: dzen.ru

Бүгін әлем Қарттар күні мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл күн 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекітілген.

Бүгінде елімізде зейнет жасындағы 2,3 миллионнан астам қарт бар. Аталған мейрамның мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, тану, олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сапасын арттыруға назар аудару және қамқор болу.

Қазақстанда қарттарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл Қарттар күніне орай Астана қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы қарттарға 2-ден 10 АЕК мөлшерінде (шамамен 1,9 млрд теңге, 234 мың адам) біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Одан бөлек, Қарттар күніне орай Алматы, ШҚО, Жамбыл, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік себеттері табысталды. Жалпы, биыл қарттарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бағытталған.

Айта кетсек, елімізде белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс бағыттары бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін 79 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр. Ол жерде қариялар бос уақытын өткізіп, сүйікті істерімен айналысады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама