×

Таулы Қарабақ «Республикасы» таратылады

Сепаратистердің «Сыртқы істер министрі» болған Давид Бабаян Әзербайжанға өз еркімен берілуге бара жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 28.09.2023 | 17:21
Фото: AZfront

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз-өздерін Әзербайжанның бүкіл әлем қауымдастығы мойындаған территориясында Таулы Қарабақ «Республикасы» деп жариялаған сепаратистік құрылым таратылатын болды.

Сепаратистік құрылымның барлық қызметі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатылады. Ал Қарабақ экономикалық өңірінде тұратын армян халқының өкілдері Әзербайжанның азаматтығын алып, осы елде өмір сүре береді. Бұл туралы Әзербайжан Милли Меджилисінің депутаты Рамин Мамедов мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап «Таулы Қарабақ Республикасы» деген сепаратистік құрылымның қызметі толығымен жойылып, өңір халқы Әзербайжан азаматтығын алады.

Қазір Рамин Мамедов Қарабақ армяндары «Парламентінің» бұрынғы «төрағасы» Давид Мелкумянмен армян халқының жағдайы туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Таяу күндері олардың үшінші келіссөзі болады.

Әзербайжан Қарабақ армяндарының басқа елге қоныс аударуын қаламайды. Бірақ әркімнің өз еркі бар. Қарабақ армяндары Әзербайжан заңдарына бағынып, бізбен бірге тату өмір сүрсе, бәрімізге жақсы, – деді ол.

Ал армяндар болса, күн өткен сайын заттарын автокөлікке тиеп, Лашын дәлізімен Арменияға көшіп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, Қарабақтан Арменияға көшкендер саны 65 мыңнан асқан. Бұл – Қарабақ армяндарының тең жартысы.

Қарабақ армяндары жаппай көшіп жатқанда, заңсыз әскери құрылымның «Сыртқы істер министрі» болған Давид Бабаян Әзербайжанға өз еркімен берілуге бара жатыр деген де дерек шықты. Ал кеше Лашын дәлізінде ұсталған Қарабақтың бұрынғы «басшысы» Рубен Варданянға «терроризмді қаржыландырды» деген айып тағылды. Ол алдын ала Қарабақ армяндарының сепаратистік құрылымын қаржыландырған деген күдікке ілінген. Қазір Бакуде тергеліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама