×

Ұлттық банк басшысы теңге бағамының әлсіреуіне себеп болған факторларды атады

 Халық үні 28.09.2023 | 10:55
фото: ҚР Ұлттық банкі

Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов жаһандық инвесторлармен өткен кездесуде соңғы екі аптада ұлттық валютаның әлсіреуіне әсер еткен факторларды атады, деп хабарлады Halyq Uni.kz.

Оның пікірінше, теңгенің теңселуіне АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшейгені, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артқаны, базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты қабылданған шешім мен Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінде валюталық түсімді міндетті сату туралы қолданыстағы норманы тоқтатқаны түрткі болды.

Реттеуші басшысының айтуынша, теңгенің айырбас бағамы еркін өзгермелі қалпында қала береді. Сонда ғана экономика кез келген өзгерістерге тез бейімделетін болады.

Маңызды факторлар тұрғысынан алып қарағанда, мұнай бағасының өсімі мен төлем балансының жалпы жағдайы тұрақтандырушы әсерге ие болып, ұзақ мерзімде теңгеге қолдау көрсетеді, - деп атап өтті орталық банк басшысы.

Ақша-кредит саясатының келешегіне қатысты ойын айтқан Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің ендігі бағыты бұрынғы іс-әрекеті мен ақпараттық саясатына сәйкес болады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, нақты инфляцияның бәсеңдеу үрдісі қарқынды болатын болса, базалық мөлшерлемені қалыпты түсіру үрдісі жалғасады.

Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляциялық қысымды жұмсарту және инфляцияны ортамерзімді мақсатқа жақын 5% деңгейінде тұрақтандыру. Барлық күшімізді осы мақсатқа жұмсаймыз. Дегенмен, фискалды ынталандырудағы әлеуетті ұлғаю тәуекелдері мен экономикадағы тұрақты сұраныс жағдайында инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі оның төмендеу кеңістігін шектеуі мүмкін, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама