Мектеп басшылығына сотқа дейінгі тергеу басталды
Астанадағы №14 мектеп-гимназияда оқушының бірі баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алған соң құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, мектеп басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның айтуынша, қазір мектепте оқу жылына дайындық тексеріліп жатыр.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жарақат алған баланың жағдайы орташа екенін, бірте-бірте қалпына келе жатқанын, есін білетінін, сұрақтарға жауап бере алатынын айтты.
Астана қаласының полиция департаменті қылмыстық іс бойынша ақпарат берген жоқ.
Еске сала кетсек, бүгін Астана қаласындағы №14 мектеп-гимназия оқушысы баспалдақтан құлап, жарақат алған болатын. Ол №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жатқызылды.