×

Әзірше Қарабақтан Арменияға 1 510 адам қоныс аударды

Ал Ереванда халық тағы да шеруге шығып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 25.09.2023 | 09:52
Фото: kommersant.ru

Армения Үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы күндері Әзербайжан Республикасының Қарабақ экономикалық өңірінен Арменияға 25 қыркүйектегі сағат 00:00-ге дейін 1 510 адам қоныс аударды.

Таулы Қарабақтан көшіп жатқан халық әлі толастар емес. Басқа да мәліметке қарағанда, Әзербайжанның Қарабақтағы армян сепаратистеріне қарсы жүргізген антитеррорлық операциядан кейін армян халқы Ресейге де бет түзеген. Олардың дені армян халқы көптеп шоғырланған Краснодар өлкесіне, соның ішінде Сочи қаласына орналасып жатыр. Қарабақтың Агдер ауданында өз үйлерін өртеп жатқандар да бар. Ал Қарабақтың орталығы – Ханкенді қаласының энергия жүйесі Армениядан ажыратылып, Әзербайжанға қосылды.

Ал Арменияның астанасы – Ереван қаласында оппозиция Үкіметке қарсы жаппай шеруге шығатынын хабарлады. Арменияның оппозициялық күштері талабы орындалмаса, 25 қыркүйекте таңғы сағат 8:00-ден бастап жаппай қарсылық акциясына шығып, қаладағы көлік қозғалысын тоқтатып, барлық сауда орындарының жұмысы мен мемлекеттік мекемелердің қызметіне кедергі келтіреміз деп мәлімдеді.

Қаладағы көлік қозғалысын тоқтатып тастаймыз. Үш күннен кейін бүкіл Арменияда шеру болып, биліктің жұмысына кедергі келтіреміз. Айтпады демеңдер, көресіңдер! – деді ұлттық комитет мүшесі Вазген Манукян Ереван алаңында өтіп жатқан митинг кезінде.

Ол Үкіметке наразы халықты көшеге шығуға шақырып, тағы да Қарабаққа байланысты саясаты үшін премьер-министр Никола Пашиняннан қызметтен кетуін талап етіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама