Солтүстік Қазақстан облысының әкімі бүгін белгілі болады

Ая Өміртай

Бұрынғы әкім өңірде небәрі тоғыз ай ғана жұмыс істеді

Фото: Петропавловск News

Қыркүйектің 23-і күні Солтүстік Қазақстан облысы мәслихаты депутаттарының жиыны өтеді, олар облыс басшылығын белгілеуі тиіс, деп хабарлайды Halyq Uni.

Депутаттар жиыны туралы облыстық мәслихаттың сайтында хабарланды. 

2023 жылғы 23 қыркүйекте сағат 11.00-де Солтүстік Қазақстан облысының әкімін тағайындауға келісім беру мәселесі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысы шақырылады, – делінген хабарламада. 

5 қыркүйектен бастап бүгінге дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің міндетін 2019 жылдың 20 наурызында облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған Марат Тасмағанбетов атқарып келеді.

Айта кетелік, дәл орақ науқаны қызған тұста Солтүстік Қазақстан облысы әкімі болған Айдарбек Сапаров таяуда Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Ол өңірде небәрі тоғыз ай ғана жұмыс істеді.

Осыған дейін Halyq Uni “саяси ахуалы өзгеше” өңірге әкім неліктен тағайындалмай жатқанын сарапшылардан сұрап көрген. Halyq Uni сөйлескен сарапшылар солтүстік өңірдегі саяси ахуалдың ерекше екендігін, осы себепті шекаралық өңірдегі жағдайды түсінетін маманның келгені жөн деп есептейді.