Қазақстандықтар облыс әкімдері мен министрлердің отставкасын петиция арқылы талап ете алмайды
Бұған тіл мәселесі де кіреді
Қазақстанда тұрғындар облыс әкімдері мен министрлердің отставкасын петиция арқылы талап ете алмайды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Сенат «Қоғамдық бақылау туралы» заңды және ілеспе құжатты мақұлдады. Заңға сәйкес петиция ұғымы енгізіледі.
Министрдің орынбасары петиция арқылы қандай мәселелер шешілмейтін түсіндірді.
Конституциялық, әкімшілік-аумақтық құрылымдар, шекара, одан басқа, тіл мәселесі, конституциялық заңдар, сайлау және референдум, сот жүйесі, прокуратура туралы заңдар, арнайы қызметтердің қызметіне байланысты, мемлекеттік құпиясы бар мәселелер (петицияда – автор) қаралмайды. Сондай-ақ президент пен екі палаталы Парламент, Үкіметтің құзыретіне кіретін лауазымдарды тағайындау мен орындарын алу туралы мәселелер (петицияда) қарастырылмайды. Өйткені ол конституциялық заңдар және сайлау, референдум туралы заңдармен қарастырылады, - деді Данияр Қадыров.
Оның айтуынша, адамның жеке деректері, құқығы мен бостандығын шектейтін мәселелер де қаралмайды. Оған тіл мәселесі де кіреді.
Мұнда тіл мәселесі Конституцияда белгіленген (7-бап). Қазақстанда Конституция – ең жоғарғы заң. Бұл контитуцияны бұзу болып саналады. Ол жеке құқықтық-нормативтік актілермен белгіленеді. («Қоғамдық туралы») заң Конституциядан төмен. Сондықтан Ата заңда белгіленген құқықтар мұнда қарастырылмайды. Тіл мәселесі Конституцияда жеке бап болып берілген, – деді вице-министр.