Маминге қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ - Антикор

Еркеғали Болатұлы

Асқар Мамин 2019-2022 жылдары Қазақстан үкіметін басқарды

фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов бүгін ОКҚ-да өткен брифингте Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Маминге қатысты қылмыстық істің қозғалмағанын мәлімдеді.

Айта кетсек, журналист Михаил Козачков Telegram каналында Маминнің ұсталғаны жөнінде бейресми ақпарат жариялаған болатын. Ол әңгіменің шығуына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлерінің Асқар Маминнің компания басшылығына оралуы мүмкін деген болжамы себеп болған. Сондықтан журналист мұндай тұжырым жасауға асығыстық танытпау керектігін жазды.

«Өйткені бірнеше дереккөздерге сүйенсек, ол қазір үйқамақта. Себебі Кәрім Мәсімовпен бірге мемлекеттік төңкеріс әрекетіне қатысы болуы мүмкін. Айтпақшы, Мәсімовпен екеуі сыныптас», – деп жазды Козачков.

Алайда кейін биліктегі ауыс-түйіс жайындағы хабарларды назардан тыс қалдырмайтын Ербол Еділов өзінің Telegram каналында Асқар Маминнің көмекшісі оның үйқамаққа алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарғанын жазды.

Бүгін де журналистер осы ақпараттың анық-қанығын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұловтан сұраған еді.

Асқар Маминге қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ, - деді Антикор өкілі журналистерге берген жауабында,