Сатыбалдыұлы мен Боранбаевты қамауда ұстау мерзімі 1 айға ұзартылды

Айнұр Шошаева

Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалды Forbes тізімінен шығып қалды

фото: ашық дереккөз

Қайрат Сатыбалдыны қамау мерзімі 13 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді.

Агенттікте қазір резонанс деп аталатын бірқатар ісбар... Тергеу жалғасып жатыр, әлі аяқталған жоқ. Күні кеше ғана Нұрсұлтан қалалық соты Қайрат Сатыбалдының қамау мерзімін 13 маусымға дейін ұзартты, - деді Ұлан Сарқұлов.

Оның айтуынша, қылмыстық-процессуалдық заңнамада көзделген тергеу құпиясына сәйкес, кейбір ақпараттар жарияланбайды.

«Бұл жерде қандай да бір эпизодты жасыру немесе қандай да бір фактілерді азайту үшін  емес. Мұндағы мақсат алдағы тергеу амалдарына зиян тигізбеу болып отыр. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары бұл жерде ең басты орында. Бұл процестің әртүрлі қатысушылары бар, олардың құқығын бұзбауымыз керек. Бұған қоса қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын ескере отырып, біз осы ақпаратты жария еткеніміз үшін заң алдындағы жауапкерлішігіміз барын атап өткім келеді. Сондықтан түсіністік танытуларыңызды сұраймын», - деп қосты Антикор өкілі.

Қазақстандық олигарх Қайрат Боранбаевты қамауда ұстау мерзімі де ұзартылды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Сатыбалдыұлы мен Қайрат Боранбаевқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін 1 ай мерзімге ұзартты.

Еске сала кетсек, 13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақтелеком» АҚ-тың лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған болатын. Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кәсіпкер Қайрат Боранбаев та аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікпен қамауға алынған болатын. 17 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оған қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Ал мамырдың басында екеуі де Forbes рейтингіндегі Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізімінен шығарылды.