×

«Әлі допинг бақылау бар»: Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан жүлдесі жөнінде айтты

Бұл жеңіс үлкен еңбекпен келді, - деді ол

 Халық үні 19.09.2023 | 07:26
фото: sport.kz

Еркін күрестен әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұқан (92 кг) алтын жүлдесі жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Дүбірлі дода Сербияның астанасы – Белград қаласында өтіп жатыр. Әлем чемпионатында Ризабек барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Ризабек Айтмұқан финалға дейінгі төрт кездесудің барлығында жеңіске жетті. Алдымен венгриялық Балаж Юхасты 13:3 есебімен жеңсе, одан кейін түркиялық Фейзулла Актюркті 11:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал жартылай финалда грузиялық Мириани Майсурадзеден басым түссе, финалда әзербайжандық Осман Нурмагомедовті қапы қалдырды.

Ол алтын жүлдесі мен алдағы мақсаты жөнінде пікірін білдірді.

Бұл жеңіс үлкен еңбекпен келді. Әкем мені таңғы сағат 6:00 – 6:30-да оятып, жаттығу жасауға көңіл бөлетін. Одан кейін спорт мектебіне берді. Тоғыз жылдай жаттығу жасадым. Сәттілік серік болып, еркін күрестен еліміздің атынан тұңғыш әлем чемпионы болғаныма қуаныштымын. Әзірге мұндай жоғары табысқа қол жеткізгенімді сезіне алмай тұрған секілдімін. Алда допинг бақылау бар. Елге оралғаннан кейін жетістігімді өз деңгейінде сезіне аламын деген ойдамын, –  деді ол.

Айта кетсек, бұдан бұрын әлем чемпионатында еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 кг) қола жүлдегер атанды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама