Олар заңсыз жолмен қомақты пайда тапқан
Алматыда TikTok-та құмар ойнын ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті әлеуметтік желіде құмар ойындарды ұйымдастыру дерегін анықтады.
Тергеу барысында қазақстандықтардың 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тауып, стримдар ұйымдастырғаны дәлелденді. Сотта 2 адам кінәлі деп танылып, 1,5 жылға бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде дәл осылай құмар ойын ұйымдастырған 4 адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар заңсыз жолмен 19 млн теңге пайда тапқан.
Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік желілерде құмар ойындарды ұйымдастыру заңсыз болып саналатынын, бұл әрекет «Ойын бизнесі туралы» заңға қайшы келетінін ескертеді.