Бүгінде электр қуатының 70%-ы көмірден өндіріледі
Қазақстан атом электр станциясын салғанмен көмірден бас тарта алмайды. Бұл туралы «Байдильдинов. Нефть» бағдарламасының жүргізушісі, сарапшы Олжас Байділдинов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, елімізде АЭС-тің салынуы көмірді тұтынуға әсерін тигізбейді.
Қазір біз электр энергиясының 10%-ын Ресейден импорттап отырмыз. Егер біз оны алмасақ, аптасына бір күн жарықсыз отырамыз. Энергетика министрлігінің мәліметінше, (елімізде АЭС-тің іске қосылатын уақыты – автор) шамамен 2035 жыл болуы мүмкін. Тіпті, бір атом электр станциясының салынуы (электр энергиясына) импортқа тәуелділікті жоя алмайды. Бүгінде бізге электр энергиясына тапшылықты жою үшін 3 атом электр станциясы керек. АЭС жоқ дегенде 10 жыл салынады. Бұл Қазақстанда көмірдің тұтынуына әсерін тигізбейді, - деді Олжас Байділдинов «Қазақстан көмір өнеркәсібінің келешегі қандай?» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі электр энергиясының 70%-ы көмірден, 20%-ы газдан, 3%-ы жаңартылатын көздерден (ЖЭК), қалғаны су көздерінен өндіріледі.
2021 жылы жаңартылатын энергия көздерінің объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 4,2 млрд кВт/сағ болды.
Бұған дейін Үлкен ауылы тұрғындарының АЭС салуды қолдағаны хабарланған еді.