Қазақстандықтарды олардың ықпалынан қорғау керек
Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қатысты мыңға жуық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2019 жылдан бастап заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері бойынша өндірісте 1 148 іс болды, оның ішінде 849 адамға қатысты 940 іс аяқталды.
Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде соңғы 5 жылда тіркелген істер санының 5,5 есеге төмендеуі байқалады.
Жыл сайын анықталатын заңсыз ойын терминалдарының саны 16 есе, яғни 1 260-тан 76-ға дейін азайды. Бұл ретте заңсыз ойын терминалдары бойынша қылмыстық істердің саны 2019 жылғы 208-ден биыл 28-ге дейін, яғни 7 есе азайған.
Сондай-ақ үй-жайларды жалға берушілерді жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Астыртын казино қызметін тоқтатуға бағытталған жұмыс шеңберінде анықталған құқықбұзушылықтар санын 2019 жылғы 35-тен биыл 12-ге дейін немесе 3 есе азайтуға мүмкіндік туды.
Заңды букмекерлік кеңселер атын жамылған, заңсыз ойын сайттарының 4 фактісі (2022 жылы 2 дерек, биыл 2 дерек) анықталды. Алаяқтар белгілі букмекерлік кеңселердің атауларын (домендерін) қосымша аббревиатуралар қосу арқылы өзгерткен. Белгілі букмекерлік кеңсенің атымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша тергеу басталды, - деп жазылған хабарламада.
Биыл TikTok желісінде құмар ойындардың онлайн трансляциясы жанданды. Қатысушылардың басым бөлігі – кәмелетке толмағандар.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұйымдастырушылардың 177 аккаунты анықталды. Ойынға күн сайын мыңдаған адамның қатысқаны белгілі болды.
10 ұйымдастырушыға қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды, оның үшеуі бойынша үкімдер шықты (қалған істердің тергеуі жалғасып жатыр). 4 адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды, 2 адамның бас бостандығы шектелді (1,5 жылдан), - деп жазылған хабарламада.
Құмар ойындарды тарататын жаңа аккаунттар қысқа мерзімде автоматты түрде бұғатталады.
Алдын алу шаралары шеңберінде агенттік IT-құралдарды пайдаланып, интернетте (жаңалықтар порталдары, блогтар, сайттар және әлеуметтік желілердің аккаунттары) құқыққа қайшы мазмұнды ақпаратты іздеуді жалғастырады
2022 жылы 5,5 мың онлайн казино сайттары мен аккаунттары, биыл 2 мыңнан аса сайт бұғатталды.
Агенттік Ақпарат комитетімен (АҚДМ) және ҰҚК МТҚ-мен бірлесіп, онлайн-казиноның «көшірме» сайттарын (жаңадан ашылатын) жедел бұғаттау туралы шешім қабылдады, «Кибербақылау» жүйесіндегі сайттарды бұғаттау алгоритмі 14 тәуліктен бір күнге дейін жеңілдетілді.
Агенттік қазақстандықтарды құмар ойындарға – лудоманияға патологиялық тәуелділіктен қорғау үшін заңсыз ойын нүктелерін анықтау және бұғаттау жөніндегі жұмысты жалғастырады.