Қазақстандықтар Мальдив аралдарына визасыз ұшып бара алатын болды

Халық үні

Іскерлік мақсатта ел аумағына кіруге ниет білдіргендер визаны ресімдеуі қажет 

фото: vizaved

Қазақстан мен Мальдив Республикасының билігі визасыз режим туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, екі елдің үкіметі арасында визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойылған. Бұл қос мемлекеттің азаматтарына Қазақстан мен Мальдив аумағына 30 күннен аспайтын мерзімге келуге және онда болуға мүмкіндік береді. 

Дегенмен Сыртқы істер министрлігі жұмысқа орналасу, білім алу немесе іскерлік мақсатта кіруге ниет білдірген адамдар тиісті визаны ресімдеуі қажет екенін хабарлады.

Айта кетейік, 2021 жылғы қазан айында Қазақстан мен Мальдив өз азаматтарына екі елдің шекараларын өту кезінде COVID-19 тестінің теріс нәтижесі бар ПТР анықтамаларын беру міндеттемесінен босататын вакцинация паспорттарын өзара мойындаған болатын.