×

ҰБТ: ҰҚК қулық жасаған талапкерлердің ісін тексеріп жатыр

Тестілеу кезінде 300-ден аса заңбұзушылық тіркелген

 Дәурен Ерболат 22.08.2023 | 15:35
Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰБТ кезінде қулық жасады деген күдікке іліккен талапкерлердің ісін тексеріп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеудің тапсырмалары мен олардың мазмұны «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңның объектісі болып саналады. Сондықтан тіркелген заңбұзушылақтарды ҰБТ тергейді.

Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетімен өте тығыз жұмыс істейміз. Биыл барлық өңірде комитеттің департаменттері тікелей бақылау жүргізді. Олар біздің ұлттық тестілеу орталығының өкілдерімен жұмыс істеді, - деді министр Үкімет отырысынан кейін.

Саясат Нұрбек биыл тестілеу кезінде жүздеген олқылық анықталғанын, деректердің нақты саны әлі анықталып жатқанын атап өтті.

Соңғы мәліметке сәйкес, 300-ден аса талапқа сәйкес келмеу фактісі анықталды. Тіркелген деректердің әрқайсысы бойынша ҰҚК Ұлттық тестілеу орталығының өкілдерімен бірлесіп, қосымша тергеу жүргізеді, - деді басшы.

Талапкердің заң бұзғаны анықталса, оның балы жойылып, грантта оқу мүмкіндігінен айырылады.

Талапкер грант иегері атанып үлгерсе, ол оны қайтарады. Тиісінше, гранттар қайта бөлінеді. Қыркүйекте бәрі нақты белгілі болады. Демек, ең жоғары балл жинаған, бірақ грант алмаған үміткерлер арасында осы гранттар қайта бөлінеді, - деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін ҰБТ-дан жоғары балл жинауға көмектескен 3 адам ұсталғаны хабарланған

Серіктес жаңалықтары

Сараптама