×

Астанада биыл қоқысты заңсыз төккен 188 орын анықталды

Бүгінде заңсыз полигондарды жою жұмысы жалғасып жатыр

 Халық үні 22.08.2023 | 12:12
фото: дереккөз

Астанада заңсыз қоқыс орындарын анықтап, оларды жою жұмысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері қаланың 5 ауданында рұқсат етілмеген 188 орын анықталды. Олардың басым бөлігі жойылды, қалғандарын жою жұмысы жалғасып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Есіл ауданында ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша 2023 жылы стихиялық қоқыс тасталған 72 орын табылды. Қазір олардың 20-сы пысықталды, қалғандары бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Құрылыс компаниялары 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарды. Биыл экологиялық айлықты және коммуналдық сенбіліктерді ескере отырып, барлығы 24 500 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Нұра ауданы бойынша жалпы көлемі 30 мың тоннадан асатын қоқысы бар рұқсат етілмеген 45 орын анықталды. Оның 13-і жойылып, 10 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды. Рұқсат етілмеген полигондарды әкетуге 4 құрылыс компаниясы жұмылдырылған.

Жыл басынан бері Алматы ауданынан 9 350 тоннадан астам (1 226 рейс) қоқыс шығарылды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық суреттеріне сәйкес рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 39 орын анықталды. Оның 38-і пысықталды.

Сарыарқа ауданында табылған 24 орынның 20-сында заңсыз қоқыс орны жойылып, 15 мың тонна қоқыс шығарылды. Құрылыс қоқыстарын заңсыз шығару фактілерін болдырмау үшін экологиялық полиция жұмылдырылады. Биыл жыл басынан бері абаттандыру және санитария нормаларын бұзу туралы 605 хаттама толтырылып, 5,5 млн теңге айыппұл салынған.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық суреттері бойынша Байқоңыр ауданында 22 орын анықталып, оның 8-і расталды.

Бүгінде заңсыз полигондарды жою жұмысы жалғасып жатыр. Олардың арасында жаңа ошақтардың пайда болуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама