Бүгінде 19 лагерьдің жұмысын тексеру аяқталды
Әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлердің жариялануына байланысты прокуратурамен бірлесіп, 170 балалар лагерін тексереміз, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова. Бұл туралы Halyq Uni тілшісі хабарлады.
Оның айутынша, қазір лагерьдің 80%-ы шағын бизнес субъектісі саналады.
2020 жылдан бастап шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланған. Осылайша, сол жылы лагерлер жоспарлы түрде тексерілмеді. Олар тек жоспардан тыс, яғни онда адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төну дерегі нақты тіркелсе ғана тексеріледі. Тек осындай жағдайда прокуратура жоспардан тыс тексеру жүргізуге рұқсат береді, - деді бас санитар дәрігер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік желілерде лагерьлердің жұмысы туралы жағымсыз ақпараттың жариялануына байланысты прокурорлар барлық лагерді тексеруге бастамашылық жасаған.
Біздің өңірдегі департаменттер осы тексеруге қатысып жатыр. 170 лагерь тексеріледі. Бүгінде оның 19-ын тексеру аяқталды. Қалғандары тексеріліп жатыр, яғни сауықтыру қызметін көрсетуге қатысты, - деді Айжан Есмамғабетова.
Бас санитар дәрігер балалар лагерінде заңбұзушылықтар неге туындайдынын түсіндірді.
Заңбұзушылықтар объект (лагерь) санэпид қорытындыны алғанда, 150 балаға қызмет көрсете аламыз дейді. Бірақ бір маусымда 300 балаға қызмет көрсетеді. Әрине, 150 балаға есептелсе, олардың қуаты 300 балаға жетпейді. Осыдан заңбұзушылықтар басталады: балалардың тамақтануын ұйымдастыра алмау, өнімнің қауіпсіз екенін растайтын құжаттардың болмауы. Азық-түліктер тиісті орында сақталмайды. Медициналық ұжым медициналық тексерістен өтпеген. Міне, осындай заңбұзушылықтар анықталады, - деді ол.
Сөз соңында министрдің орынбасары тексерулер прокуратурамен бірлесіп жүргізілетінін, олардың нәтижесі бойынша әкімшілік жаза қолданылатынын атап өтті.
Бұған дейін Айжан Есмамғабетова вакцина салдырмаған балалар қызылша жұқтырып жатқанын айтып, дабыл қаққан еді.