×

«Атырау-Астрахань» пойызындағы баланың қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Тамақты балалардың өздері алып келгені айтылған

 Дастан Жұмабекұлы 07.08.2023 | 16:29
Фото: ашық дереккөз

Бүгін №625 «Атырау-Астрахань» пойызында 2010 жылы туған баланың қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Атырау облысының білім басқармасы хабарлады.

Атырау облысының білім басқармасы құзыретті органдармен бірігіп, №625 «Атырау-Астрахань» пойызында 2010 жылы туған баланың қайтыс болуына байланысты комиссия құрды. Комиссия қайғылы оқиғаның себебін анықтап, тиісті шешім шығарады. Қазір баланың денесі сот-медициналық сараптамаға берілді. Қылмыстық іс қозғалды, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 13 жастағы жасөспірім «Атырау-Астрахань» бағытындағы пойызбен Ресейдің Железноводск қаласында орналасқан «Геолог Казахстана» санаторийіне балалар тобымен бара жатқан.

Пойызда барлығы 73 бала, 4 мектеп тәлімгері болған. Тамақты балалардың өздері алып келгені айтылған. Пойыз жылжығаннан кейін 1,5 сағаттан соң қайтыс болған баланың жағдайы нашарлаған. Пойыз бригадасы нұсқау бойынша жедел жәрдем шақыртқан. Сол кезде жедел жәрдем қызметкерлері баланың қайтыс болғанын растаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама