Меркіде қараусыз қалған ғимараттан қару-жарақ табылды

Дастан Жұмабекұлы

Травматикалық тапанша мен патрондар тәркіленді

Фото: polisia.kz

Жамбыл облысының Меркі ауданындағы қараусыз қалған ғимараттан қару-жарақ табылды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2023» алдын алу іс-шарасы аясында Меркі ауданының Ақарал ауылында қараусыз қалған ғимараттардың бірінде қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орынды анықтап, сол жерден 9 мм калибрлі Strimmer 1014 травматикалық тапаншасы, сондай-ақ екі-екіден 5,45 мм калибрлі және 9 мм калибрлі оқтар тапты.

Қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазір осы факті бойынша ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.