Сот мәслихат депутатының қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырған
Бүгін қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысты деген күдікпен ұсталған Алматы қаласының мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергеннің аппеляциялық сот отырысы өтті. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарланды.
Алматы сотының мәліметінше, сот Қайрат Құдайбергеннің қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырған.
«Бүгін Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қамауға алу санкциясын күшінде қалдырды, адвокаттардың жеке шағымдары қанағаттандырылмады. Бұған дейін тергеу соты іс-әрекетті саралау туралы шешім қабылданғанға дейін 30 тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берген болатын», - делінген соттың хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін тергеу соты Қайрат Құдайбергенді 30 тәулікке қамауға алуға санкция берген болатын.