×

Шымкентте «Футбол жолы» спорт мерекесі басталады

Іс-шара еліміздің 8 қаласында болады

 Дастан Жұмабекұлы 27.07.2023 | 13:15
Фото: Olimpbet

Қазақстан футбол федерациясы «Футбол жолы» спорт фестивалінің басталғанын хабарлады. 

Іс-шара Қазақстан футболының 110 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп, 30 шілде мен 16 қыркүйек аралығында еліміздің 8 қаласында болады.

FUTBALL ZHOLY-ның алғашқы іс-шарасы Шымкент қаласында өтеді. Фестиваль қонақтары Қазақстан премьер-лигасының бас жүлдесін тамашалауға мүмкіндік алады.

Ал, Қазақстан кубогының екі дүркін иегері «Ордабасы» футбол клубының ойыншылары жанкүйерлерімен жүздесіп, қолтаңба қалдырады.

Фестивальде фристайл футболынан шеберлік сабақтары мен әуесқой футбол турнирі өтеді. Қақпашысыз 3х3 форматында үздік әуесқой команда атағына 16 жастан асқан азаматтар қатысады. Осы жарысқа қатысқысы келетін адам өтінішті фестивальдің footballfest.kz сайты арқылы беруге болады.

Ұйымдастырушылар ешкімнің сыйлықсыз қайтпайтынына уәде беріп отыр. Үлкен футбол фестивалінде аттракциондар мен ойын алаңдары да болады. Мұнда кез келген азамат доп соққысы мен айып соққыларының дәлдігін сынап көре алады. Бұл жерде кикер, киберфутболдан жарыс өткізіледі. Арнайы жетондар алып, оларды жүлделерге айырбастайды.

«Футбол жолы» фестивалінде рэпер Шиза мен «Инсар тобы» өнер көрсетеді.

Фуд-кортта қала тұрғындарына жиі баратын мекемелер арнайы ас мәзірін ұсынады. Жақын жерде жазғы аптап ыстықтан демалуға және салқындауға болатын арнайы аймақ қызмет көрсетеді.

Шымкентте «Футбол жолы» 30 шілдеде  сағат 16.00-де Абай саябағындағы коньки паркінде  (бұрынғы Дельфин аквапаркінің аумағында) басталады. Кіруі тегін.

FUTBALL ZHOLY фестивалінің толық кестесі:

• 30 шілде – Шымкент қаласы;

• 6 тамыз – Ақтау қаласы;

• 13 тамыз – Атырау қаласы;

• 19 тамыз – Орал қаласы;

• 26 тамыз – Ақтөбе қаласы;

• 2 қыркүйек – Көкшетау қаласы;

• 10 қыркүйек – Астана қаласы;

• 16 қыркүйек – Семей қаласы.

Толық ақпаратты footballfest.kz сайтынан көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама