×

Мұхтар Әблязовтың сыбайласы өз еркімен Қазақстанға оралды

Қуаныш Нұрғазин 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған

 Дастан Жұмабекұлы 25.07.2023 | 17:30
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының әуежайында Мұхтар Әблязовтың Қазақстанға өз еркімен оралған сыбайласы әрі ағасы Қуаныш Нұрғазин ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Ол – Әблязов басқаратын «BSC» ЖШС-ның номиналды директоры. Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұза отырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған. 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған, – делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірген. 2023 жылғы 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотталушының өтініші бойынша Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 2023 жылғы 25 шілдеде сот оған бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу деп өзгертті.

Жақын арада басты сот талқылауы қайта басталады. Оның жауапкершілігінің көлемін сот айқындайтын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама