×

Ұлттық банк «несие рақымшылығы жарияланғалы» жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де халықты ресми ақпаратқа сенуге шақырды

Алматыдағы несие рақымшылығын талап етушілер, 9 желтоқсан, 2021 жыл

Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде «қарыздың барлық түрі бойынша кредиттік рақымшылық жарияланды» деген ақпарат тарады. Ұлттық банк өкілдері желіде тараған ақпаратты жоққа шығарып, азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.

Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де мәлімдеген.

Агенттік қазір Қазақстанда 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде теңгемен ипотекалық қарыз, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету үшін Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыруды жалғастырылып келеді, - делінген ведомсвто хабарламасында.

Бүгін «Қазақстанда несие рақымшылығы жүргізіледі» деген ақпаратқа сеніп қалған бір топ адам Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимаратының алдына жиналды. Плакат ұстаған көпшілік агенттіктен кредиттік амнистия жүргізуді талап етті. Олар кредитті кешіру туралы өтініш жазып, жәшікке тастап жатыр.

Кеше Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, қарызға батқан адамдарға рақымшылық жасауды ұсынып, вице-премьер Әлихан Смайыловқа сауал жолдады. Депутаттың пікірінше, қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі күн сайын өсіп барады. Халықтың 27 пайызында несие бар. Халықтың ипотекалық қарызы 2,7 триллион теңге, ал тұтынушылық несие бойынша қарызы 5,19 триллион теңге. Ал мерзімі өткен берешек 199 миллиард теңге. Депутат осы қарызын кешіктіріп төлей алмай жүргендерге рақымшылық жасау керектігін айтты.

Елімізде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бірақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ. Бұған дейін де жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы керек деп жүргенде 10 жылдай болды. Бұл бастаманы сол кездегі қаржы министрлігі іліп әкеткенімен, әлі күнге дейін үнсыз болып, Үкіметтен қолдау таппай отырмыз, - деді депутат.

Қазақстан азаматтарының қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды екенін жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. Президент елімізде 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқанын айтып, бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама