×

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары ұсталды

Жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 20.07.2023 | 12:55
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте қала әкімінің орынбасары ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

20 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен жемқорлық жасады деген күдікпен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховты ұстады.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және барлық қажетті жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Айта кетсек, Мақсұт Исахов 1974 жылы туған. Білімі жоғары. Мамандығы – ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы, заңгер.

Еңбек жолын ішкі істер басқармасынан бастаған. Бірқатар облыста кеден саласында, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында қызмет атқарған.

Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, аталған қалада энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Сосын ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған.

2020 жылдың 7 ақпанынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама