×

Алматыдағы құрылыс: урбанистика басқармасының басшысы ұсталды

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр

 Динара Амантай 19.07.2023 | 14:56
Фото: ашық дереккөз

Алматыда урбанистика басқармасының басшысы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеп жатыр. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және нысандардың құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден аса сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді.

Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 млн теңге болды.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексеріліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама