Астанада қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы фильм түсіріліп жатыр (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Ол былтыр 20 қарашада ерлікпен қаза тапқан болатын

Фото: instagram.com/gulmir_ktk

Астанада қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы фильм түсіріліп жатыр. Бұл туралы марқұмның зайыбы Әнел Забикулина айтты.

Қазір Асқар мен күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, отпен күресіп жүрген өрт сөндірушілер және құтқарушыларға арналған «Қаһарман» сериалы түсіріліп жатыр. Біз де Астанадағы түсірілім алаңына бардық. Ол маңда шамамен 5 сағаттай болдық. Әлбетте, фильм түсіру – оңай іс емес. Түсірілім алаңы, жарық, ракурс – бір ғана көріністі түсіру кезінде біз көрген қиындықтардың аз бөлігі. Түсірілім тобына алғыс айтамын. Фильм көпшілікке ұнайды деп ойлаймын, – деді марқұмның жары.

Еске сала кетсек, 2022 жылғы 16 қарашада «Қаһарман» тұрғын-үй кешенінде өрт шығып, соның салдарынан пәтерлерде және саты алаңдарында болған азаматтар өз бетінше ғимараттан шыға алмаған еді. Сол кезде өрт сөндірушілер адамдарды құтқаруды таңдап, Асқар Забикулин 12-қабатта орналасқан терезеден құтқару арқаны көмегімен жанып жатқан пәтердің (11-қабатқа) терезесінен түсті. Асқар Забикулин пәтердегі зардап шеккен 2 адамды әріптестері бұзған кіреберіс есігі арқылы алып шықты. Содан кейін ол көрші пәтерге жүгіріп кіріп, өз бетінше қалың түтіннен шыға алмай отырған 10 жастағы баланы тауып алып, құтқарған болатын.

Дегенмен ол басқа адамдарды құтқарса да ауруханада өмірі үшін бірнеше күн күресіп, 2022 жылғы 20 қарашада көз жұмды.

Қызметтік борышын орындау және адамдар өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен өз ісіне берілгендігі үшін азаматтық қорғау капитаны Асқар Серікұлы Забикулин Қазақстан Республикасының І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.

Одан кейін Астанадағы Құтқарушылар саябағында марқұмға арналған естелік тақта орнатылды. Нұра ауданында көшенің аты берілді. Асқар Забикулиннің отбасына оқуға түсуге грант бөлінді.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Асқар Забикулиннің балаларына орта мектепті бітіргеннен кейін кез келген бакалавриат мамандығында жоғары оқу орнының грантында оқуға мүмкіндік беретін болды.  

Сондай-ақ Асқар Забикулиннің балалары 2023 жылы жазда университеттің жатақханасында тұрып, IT-лагерьге және жазғы тілдік мектепке қатыса алады. Ал зайыбы Әнел Забикулина үшін «Адам ресурстарын басқару» мамандығы бойынша МВА-да оқуға грант бөлінді.