×

Оқушылар халықаралық математикалық Олимпиадаға қатысып жатыр

Оған елімізден 10-12 сыныптың оқушылары барды

 Дастан Жұмабекұлы 10.07.2023 | 15:55
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жапонияның Тиба қаласында оқушылар арасында ұйымдастырылған халықаралық математикалық Олимпиадаға (IMO-2023) еліміздің 6 оқушысы қатысып жатыр.

Ұлттық құрама командаға Алматы, Павлодар қалалары мен Қостанай және Жамбыл облыстарының дарынды балаларға арналған мектептерінің 10-12 сынып оқушылары кіріп отыр.
Олардың бәрі – 2022-2023 оқу жылының математика пәнінен республикалық Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Атап айтқанда,

  • Мирон Юркевич – Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы;
  • Райымбек Байшуақ – Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 11-сыныбында оқиды;
  • Владимир Роговский – Павлодар қаласы №8 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы;
  • Жан Даутов – Қостанай облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сыныбында білім алады;
  • Марғұлан Шарел – Жамбыл облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
  • Батырхан Сәкенов – Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сыныбында білім нәрімен сусындап жүр.

Биылғы зияткерлік іс-шара 5-13 шілде аралығында өтіп жатыр. Оған әлемнің 110 елінен өкілдер қатысып, оқушылардың Олимпиада өткізілген жылдардағы ең ірі сайысқа айналып отыр.

Оқушылар математикадан халықаралық Олимпиадаға жыл сайын қатысады. Бұл біздің оқушыларға өз әлеуетін әлемдік аренада көрсетуге тамаша мүмкіндік беріп отыр. Біздің олимпиадашылар жылдан-жылға жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр ұлттық құрама 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Биылғы жетістіктер бұдан да жақсы болады деп сенеміз. Оқушыларымызға сәттілік пен табыс тілейміз! – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Айта кетсек, халықаралық математикалық Олимпиаданың жеңімпазына ЖОО-да конкурстан тыс негізде оқуға білім гранттары, сондай-ақ алтын медальға 1500 АЕК, күміс жүлдеге 1000 АЕК және қола медальға 500 АЕК көлемінде бір реттік сыйақы тағайындалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама