×

Қызылордада қылмыскерлерге арналған смарт-білезікті сатып алуға 84 млн теңге бөлінді

Өңірде қылмыстарды қайта жасауға бейім 3 мың адам анықталды

 Динара Амантай 09.07.2023 | 17:02
Фото: Қызылорда обл. прокуратураның баспасөз қызметі

Қылмыстарды қайта жасауға бейім адамдарды бақылауда ұстауға жергілікті бюджеттен электронды смарт-білезіктер сатып алу үшін 84 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Қызылорда облысының прокуроры Нұрлан Бижанов жартыжылдықтың жұмыс қортындысына арналған брифинг барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиынға аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты. Басым бағыттар бойынша негізгі баяндаманы жасаған облыс прокуроры аймақтағы құқық бұзушылықтың алдын-алу және атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азаматтар қылмысқа қайта бармас үшін прокуратураның ұйымдастыруымен арнайы жұмыс топтары құрылған. Осы жұмыс тобымен қылмыстарды қайта жасауға бейім 3 мың адам анықталып, оларды бақылауда ұстау мақсатында үнемі профилактикалық шаралар жүргізіледі. Олардың ішінде тәуекел тобындағы адамдарды бақылауда ұстауға жергілікті бюджеттен электронды смарт-білезіктер сатып алу үшін 84 млн теңге бөлініп, бұл білезіктер тиісті азаматтарға тағылады, – деді прокурор.

Сондай-ақ ведомство басшысының мәліметіне сәйкес, кәсіпкерлерден қорқыту арқылы ақша бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 мүшесі ұсталған. Бұл азаматтар Қызылорда және Байқоңыр қаласы аумағында қолға түсті.

Атқарылған осындай көлемді іс-шаралардың нәтижесінде жалпы қылмыс 19%-ға төмендеді (2153/1749). Олардың ішінде кісі өлтіру 60%-ға (15/6), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 11%-ға (18/16), алаяқтық 6% (459/432), қарақшылық 80% (5/1), мал ұрлығы 56% төмендеген (79/35).

Жол көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен ақылды камералар мен жылдамдық өлшегіш құралдары сатып алынып, көшедегі ең қауіпті жерлерге орнатылды. Нәтижесінде кісі өлімі, қайғылы жағдаймен аяқталатын жол көлік оқиғалары 20%-ға дейін (59/47) төмендеді және мал ұрлығы 56%-ға дейін азайды (79/35).

Еңбекақы төлемдері бойынша облыс прокуратурасының үйлестіруімен 4 кәсіпорынның 3 мың қызметкерінің жалақысы көтерілді. Сонымен бірге биыл бюджетке 575 млн теңге қаражат түсіруге қол жеткізіліп, 20 мыңнан аса азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды.

Бұған қоса жыл басынан бері 83 мың гектар болатын 120-ға жуық игерілмеген жайылымдық жер учаскелері анықталды. Қабылданған шаралармен 19 мың гектардан асатын 50 учаске мемлекетке қайтарылды.

Кәсіпкерлікті қорғау саласында есепті кезеңде 626 кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 33 лауазымды адам тәртіптік, 3 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама