Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты 2 айға қамауға алынды
Адвокат пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған
Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген адвокаты 2 айға қамауға алынды, деп хабарлады Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты.
2023 жылғы 3 шілдеде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М. Тулеевті 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, - делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, жасырын іс-шара нәтижесінде пара беруге оқталған Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының зайыбы әшкереленді. Cондай-ақ олардың мүдделерін қорғауды іске асырған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды. Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен қорғалушының зайыбынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған.
Тергеу амалдары барысында 255 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы оның өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды.
Айта кетейік, Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді оның зайыбы да аса ірі көлемде пара беруге оқталу бойынша күдікті деп танылып отыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жарияланбайды.