Келесі учаске Петров көшесі мен Бауыржан Момышұлы даңғылы аралығында болады. Оны қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңадан жаяу жүруге арналған променадтың ашылғанын, бұдан басқа тағы да 165-тен аса аула мен алаңдардың абаттандырылатынын айтты.
Елордада тұрғындардың қолайлы демалысы үшін жаңа орындар ашылып жатыр. Бүгін жанданған көшелердің бірі – Сәтбаев көшесін араладым. Мұнда біз Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жаяу жүру жолының жалпы ұзындығы – 3,5 шақырым. Бүгінде Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейінгі жұмыс аяқталды. Көлеңкелі шатырлар, ойын алаңдары орнатылып, ағаштар мен жасыл желектер отырғызылды. Бұл қаладағы барынша көгалдандырылған көшелердің бірі болып саналуы мүмкін. Мұнда ірі жөке ағаштары, көпжылдық бұталар мен басқа да талдарды отырғыздық, – деді ол.
Оның айтуынша, Петров көшесі мен Бауыржан Момышұлы даңғылы аралығындағы учаскені қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сол сияқты, қала тұрғындары мен қонақтары үшін Ақбұлақ жағалауы жайлы орындардың бірі болады. Ал «Амман» мен «Абылай хан» көпірлерінің астында жаяу жүру өткелдері құрылды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерлерін өзара байланыстырды.
Сонымен бірге ол Орталық жағалаудың тарихи көшелері – Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр мен басқа да көшелердің жаңарып жатқанын айтты.
Биыл барлығы 165-тен аса аула мен алаңдарды абаттандырамыз. Жұмыс қаланың барлық жерінде болып жатыр. Бүгін сол жұмыстың бір бөлігі ғана аяқталды. Қаламыз одан да жайлы әрі жасыл болады, – деді қала әкімі.
Айта кетсек, бүгін «Егемен Қазақстан» көшесінде Журналистер саябағы да ашылған еді.