Талдықорғанда марихуананың ірі партиясымен есірткі сатушы ұсталды

Динара Амантай

Күдікті қамауға алынды

Фото: polisia.kz

Талдықорғанда марихуананың ірі партиясымен есірткі сатушы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полицейлер ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, Жетісу облыстық прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласында есірткі сату нүктесін анықтау бойынша арнайы операция жүргізді.

Құқық қорғау органдары 40 грамнан аса марихуана сатпақ болған 39 жастағы ер адамды ұстады. Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде шамамен 27,5 келі каннабис тектес есірткі табылды.

Аталған дерек бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды, – деді Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.