×

Семей полигонының жерлері ауыл шаруашылығымен айналысуға берілмек

Полигонның жалпы аумағы – 1,8 миллион гектар

 Еркеғали Болатұлы 29.06.2023 | 17:49
фото: ашық дереккөз

Сенат депутаттары «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Оған сәйкес, ядролық қауіпсіздік аймағына кіретін жердің құқықтық мәртебесі бекітіліп, онда жұмыс істеу тәртібі де айқындалды.

Мәселен, бос жерлер ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстырылып, мемлекеттік меншікке жатқызылды. Ядролық қауіпсіздік аймағы алып жатқан жер учаскелері жеке меншікте бола алмайды. Жер пайдаланушылардың ядролық қауіпсіздік аймағы жерінде жер пайдалану құқығына қатысты мәмілелер жасауына жол берілмейді, - деді сенатор Әли Бектаев.

Осы санаттағы жерлер жеке және заңды тұлғаларға нақты бір мақсатта ғана беріледі. Олар ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеуден босатылады.

Бүгінде полигонның жалпы аумағы – 1,8 миллион гектар. Заң аясында радиоактивті жағынан ластанған және ластанбаған жерлер анықталады. Соның денін ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға болады. Ондай жерлер шамамен 1 миллион гектарға жетуі мүмкін.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағына жауапты уәкілетті ұйымға мемлекеттік монополияға белгіленген арнаулы талаптар қойылып, арнаулы құқықтар белгіленбейді. Ал Экологиялық кодекске енгізілетін түзетулерге сәйкес, уәкілетті ұйымға берілетін ядролық қауіпсіздік аймағының жерлеріне экологиялық талаптар қолданылмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама