Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы жаңа үйлерінің кілтін алды
Тұрғын үй құрылысы наурызда басталған
![Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы жаңа үйлерінің кілтін алды](https://halyq-uni.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2023/06/17/648d96ca0cf75648252959.jpeg)
Бүгін көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, Ералы Тоғжанов баспана иелеріне үйлерінің кілттерін табыстаған.
Жылдың басы қобдалықтар үшін ауыр сынақпен басталды. 30 жылда алғаш рет су тасыды. Тасқынның салдарын азайту үшін барлық шараларды қабылдадық. Бірліктің арқасында қиындықтарды жеңдік. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен наурызда тұрғын үй құрылысы басталып, бүгін сол үйлерге сіздер көшіп жатырсыздар. Біз тағы да ынтымағымыздың мығым екенін көрсеттік. Егер бір-бірімізді осылай қолдайтын болсақ, еліміз тұрақты дамиды. Бұл тек бастамасы ғана, жақын арада аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Уақыт өте келе бұл аумақ тұтас тұрғын үй алабы болады, - деді өңір басшысы.
Ералы Тоғжанов «Иншаб», «Альянс Б-2» ЖШС, «АйсерСтройСервис», «SK СТАР МОНТАЖ» және Бабэк Құрылыс» компанияларының құрылтайшылары мен басшыларына, қысқа мерзімде үйлерді салған 200-ден аса жұмысшыға алғысын білдірді.
Қобда ауылының Жаңақоныс тұрғын үй алабындағы құрылыс алаңдарында жұмыстар тәулік бойы жүргізілді. Қажетті барлық инфрақұрылым – ауыз су, электр қуаты, көгілдір отын тартылды. Облыс әкімі әрқайсысы 100 шаршы метр болатын үйлерді аралап көрді. Тұрғын үй бірыңғай жобамен салынған, қасбеттері кірпішпен қапталды. Жаңа үйлер баспана иелеріне жаңа әрлеуде берілді. Құрылысшылар үй иелерінің талап-тілектерін ескере отырып, жөндеу жұмыстарын жасап берді.
Сіз зардап шеккен бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмайды және барлығы баспанамен қамтамасыз етіледі деп уәде бердіңіз. Үш ай өткен жоқ, міне біз баспаналы болдық. Қолдауыңыз үшін көп рахмет. Қоныс тойымыз құтты болсын! Үйімізде шаттық орнасын!, – деді Назипа Алдрабекова ауылдастарына арнаған құттықтау сөзінде.
Алдрабековтер әулетіне тиесілі үйді салуға қазақстандық аралас жекпе-жектен чемпион Шавкат Рахмонов демеушілік көрсетті. Айта кетейік, Қобда ауданының Қобда ауылына барған кезде ол көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, қолдау ретінде бір отбасы үшін үй салып беретінін хабарлаған болатын.
Үй иелері жаңа баспанасында қонақ болған облыс басшысына су тасқыны салдарын жоюға байланысты барлық мәселелерді жедел шешкені үшін алғысын білдірді.
Еске сала кетсек, Қобда ауылындағы су тасқыны кезінде 79 үй, 22 аула аумағын су басқан.