×

Ақтөбе облысында екі ауылды су басты

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 35 техника, 123 адам жұмылдырылды

 Динара Амантай 14.03.2023 | 11:01
Фото: Ақтөбе обл. ТЖД баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының Қобда ауданында еріген қардың салдарынан 15 үйді су басты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше Қобда ауданында қардың қарқынды еруі және далалықта еріген қар суы салдарынан Қобда ауылында 15 үй, 28 аула аумағы, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимараты, 1 дәмхана су астында қалған. Тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Қазір үйлердің аулаларын аралау жүргізіліп жатыр, қапшықтарды төсеу бойынша шаралар қабылданды. 6 мың текше метрден аса еріген қар суы сорылды.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 35 техника, 123 адам жұмылдырылды.

Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылына да еріген қар суы кірді. Тұрғын үйлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарға қауіп жоқ.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе қаласы мен аудандардан 1 514 өтінім қабылданып, барлығы пысықталды. Бүгінде облыс бойынша барлығы 181 мың текше метрден аса еріген қар суы сорылды. 26,1 шақырым арық тазартылды, 4 972 текше метр инертті материал әкелінді, 3 320 дана қап төселді, елді мекендерден 524,9 мың текше метрден аса қар шығарылды. Қосымша 138 ассенизатор тартылды.

Жергілікті жерлерде 142 техника, 20 мобильді бригада жұмыс істейді. Жұмыстарға 650 адам жұмылдырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама