«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС басшылығына қатысты тергеу жүріп жатыр
Мекеме объектілеріндегі апатқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды
«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС объектілеріндегі апатқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, сотқа жолданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Павлодар облыстық прокуратураның мәліметінше, былтыр 30 қарашада ҚР ҚК 254-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған болатын.
Тергеу барысында Екібастұз ЖЭО-да ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйінің тиісті жағдайда болмауы салдарынан қысым датчигінің импульстік түтігі қатып қалғаны, салдарынан жалған көрсеткіштер негізінде сумен қоректендіруді ұлғайтқаны анықталды. Бұдан әрі химиялық цехтың қызметкерлері тағы 2 сорғыны қосқандықтан, қысым көтеріліп, ЖШС-ның жылу желілерінде көптеген бұзылыстарға әкеп соқтырды.
Жүргізілген сараптамалар нәтижесінде (металдар мен қорытпаларды зерттеу, құрылыс-техникалық және энергетикалық-технологиялық талдаулар) құбырлар магистралінің 100% тозуы, қазандық турбиналық және су жылыту цехтарының бас корпусы конструкциясының авариялық жай-күйі, басшылық пен жедел персоналдың қате және келісілмеген әрекеттері анықталды. Бұның бәрі апатқа әкелді.
Сондай-ақ, аудитке МСҚБ, ТЖД, СЭС, еңбек басқармасы, ДРЭМ, ҚМА және ЭМ мамандары тартылды. Олар ЖШС электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану кезінде көптеген бұзушылықтарды анықтады.
Биыл 16 мамырда ЖШС бұрынғы бас директорының, ЕЖЭО және ЭЖС директорларының іс-әрекеттері ҚР ҚК 254-бабы бойынша сараланды. 22 мамырда тергеу аяқталып, 15 маусымда прокурор зерделегеннен кейін іс мән-жайы бойынша қарау үшін Екібастұз қалалық сотына жіберілді.
Сонымен қатар, биыл 11 қаңтарда ҚР ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі («Салғырттық») бойынша жылыту маусымына жауапты лауазымды адамдардың немқұрайлылығы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, Онда аумақтық Энергетикалық қадағалау департаментінің басшысы және Екібастұз қаласының ТКШБ басшысы күдікті ретінде танылды. Олар өкілеттіктеріне байланысты жылыту кезеңінде ЖШС қызметін қадағалауды және тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген.
Осы дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚІЖК 47, 201-баптарының талаптарына сәйкес өзге ақпарат құпиялылықты және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын сақтау мақсатында жария етуге жатпайды.