×

Екібастұздағы апат: министрлік соңғы ақпаратты жариялады

Екібастұз қаласы бойынша жалпы 422,5 шақырым жылу желісі бар

 Динара Амантай 28.11.2022 | 17:55
Фото: ашық дереккөз

Екібастұзда 18 көпқабатты тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмей отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Екібастұз қаласында жылумен жабдықтаудың қазіргі жағдайы туралы жедел ақпарат таратты.

Еске сала кетсек, кеше жылу-энергия орталығында болған апатқа байланысты Павлодар облысының әкімі бастаған штаб құрылған болатын. Қалпына келтіру жұмыстарына 138 адам және 35 техника жұмылдырылған. Бұған дейін анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылып, қазір жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгін сағат 15.30-дағы жағдай бойынша жылу беру температурасы – 84ºС (норма – 87ºС), кері қайтару – 54ºС (норма – 56ºС), пәтерлердегі температура – 18-20ºС.

6 қазандық агрегат (№6,8,9,12,14,15) жұмыс істеп тұр, резервте 4 қазандық агрегат (№5,7,11,13) бар. Электр энергиясын тұтыну 51 МВт-ты құрады.

Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы қалыпты және 20-25ºС шегінде сақталып отыр. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмей отыр. ЦТП 52 учаскесінде (Мәшһүр Жүсіп көшесі бойынша 5 «а» шағын ауданы) 1 ақау бар.

Анықтама үшін, Екібастұз қаласы бойынша жалпы 422,5 шақырым жылу желісі бар. «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС балансында – 342,3 шақырым, олардың тозу деңгейі – 91%.

Екібастұз ЖЭО-да 10 қазандық (5 энергетикалық, 5 су жылыту қазандығы) орналасқан.

Жалпы алғанда, қазір Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі тұрғын үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама