×

Ақмола облысындағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы бойынша жиын өтті

Ұлттық спорт Қауымдастығы бірқатар жұмыстарды бастап та кетті

 Халық үні 16.06.2023 | 21:10
фото: Halyq Uni

Бүгін Көкшетауда Ақмола облысындағы ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселесі бойынша жиын өтті. 

Жиналыста Ақмола облысындағы ұлттық спорт түрлерінің жай-күйі мен өзекті  проблемалар айтылып, оларды шешу жолдары, сондай-ақ, алда атқарылар жұмыстар жайы талқыланды.

Аталмыш бас қосуға ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев, Ақмола облысы спорт басқармасының басшысы Әсет Букубаев, Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының өкілдері мен мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.

Жиында сөз алған ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті Т. Есентаев өңірлердегі ұлттық спорттың дамуы маңызды мәселе екендігін айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамыту Тұжырымдамасын әзірлеуді және ұлттық спортымызды Олимпиадалық спорт түрлерімен терезесі теңдей етіп көтеру жайын, сонымен қатар, келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын өте жоғары деңгейде өткізу керектігін тапсырған болатын. 

Осы орайда, Ұлттық спорт Қауымдастығы бірқатар жұмыстарды бастап та кетті. Біздің байқағанымыз, өңірлерде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Оның ішінде әсіресе жастардың ұлттық спортқа деген ықыластары ерекше. Бұл – ұлттық спорт түрлерінің болашағы зор деген сөз.  Алда бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Осы орайда баршаңызды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», - деді Тастанбек Құтжанұлы.

Шара соңында жиынға қатысушылар алдағы уақытта ұлттық спорттың мәртебесін көтеру жолында қоян-қолтық жұмыс істеуге келісіп, нақты жұмыс жоспары арқылы барлық мәселелерді бірлесе шешуге уағдаласты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама