Генералды шекараға жеткізген көлік жүргізушісі жауапқа тартылмайды
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев Қырғыз шекарасынан заңсыз – темір торды көтеріп өте салған. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмәрілиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Серік Күдебаевтың жауабына сәйкес, ол шекараны заңсыз өтіп, Қырғыз мемлекетіне өткен. Шекараға жеткізген жүргізуші Күдебаевтың осындай әрекетке баратынын білмеген. Сондықтан тек Серік Күдебаев жауапқа тартылып жатыр. Ол шекара бекетінен өтпеген. (Серік Күдебаев) Кеген ауданында шекарадағы темір торды көтеріп, соның астынан өткен. Бұл – оның берген жауабы», - деді Бас прокурордың орынбасары Мәжілістің кулуарында.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Серік Күдебаевқа сот үкімі 10 наурызда шығуға тиіс еді. Алайда оның ауруханаға түскені хабарланды. Содан кейін сот процесі бірнеше рет кейінге қалды. Содан кейін 3 сәуірде Талдықорғанда өткен сот отырысында прокурор Серік Күдебаевтың қылмыстық ісін тоқтатып, оған халықаралық іздеу жариялауды сұрады.
ҰҚК Шекара қызметі 27 наурызда Серік Күдебаевтың Қазақстаннан кеткенін білген. Оны іздестіруге Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 300 қызметкері жұмылдырылған. 27 сәуірде Бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың ұсталғанын растады.
Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.