Қазақстанда терроризмді қаржыландыруға қарсы жүйе қалыптасқан – халықаралық сарапшылар
Өзара бағалау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы стандартты мониторингке қойылды
Қазақстан соңғы 2 жыл бойы өткен заңсыз қаржылық операцияларға қарсы іс-қимыл бойынша өзара бағалау рәсімін сәтті аяқтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұл туралы кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық Топтың (ЕАТ) 38-ші пленарлық отырысында белгілі болды. Бағалау нәтижелері инвестициялық ахуалға және экономикалық дамуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі (БҰҰ, ЭЫДҰ, ХВҚ, Дүниежүзілік банк, Transparency International, World justice project және т.б.) позициясына мультипликативтік әсер береді.
Өзара бағалау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы стандартты мониторингке қойылды. Бұл елімізде кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың тұрақты және тиімді жүйесі қалыптасқанын, ал елдің КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнамасы FATF стандарттарына едәуір дәрежеде сәйкес келетіндігін айғақтайды.
Атап айтқанда, ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастықтың айтарлықтай деңгейі еліміздің «жылыстатуға қарсы» жүйесінің ерекше жақтарына айналды. Қылмыстық кірістерді жылыстатуға байланысты істерді тергеу тиімділігі айтарлықтай деңгейінде бағаланды.