×

Астанада зейнеткер алаяқтарға 16 млн теңгені санап берген (ВИДЕО)

Қарт кісі Мекке сапарына жинаған ақшасынан айырылған

 Дастан Жұмабекұлы 07.06.2023 | 13:59
фото: polisia.kz

Астана қаласында алаяқтар Мекке сапарына ақша жинап, қажылыққа дайындалып жүрген зейнеткер әйелді алдап, 16 млн теңгесін алған.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, қарт кісіге түннің бір уағында белгісіз біреулер телефонға қоңырау шалып, қызының апатқа ұшырағанын, қазір ол полиция бөлімінде отырғанын, оны босату үшін тезірек ақша жіберу керектігін айтқан. Содан кейін телефонның арғы жағындағы бір ер адам өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге қазір әріптесі келіп, қолма-қол ақшаны алып кететінін айтқан. Зейнеткердің осы проблеманы шешу үшін қанша ақша керек деген сұрағына олар қанша бар, соны беріңіз деп жауап берген.  

Қарт кісі ештеңе түсінбей, қызымның бас амандығы бірінші кезекте деген оймен ақшаны үйіне келген адамға санап берген. Бұл ақшаны зейнеткер Меккеге қажылық сапарға жинап жүрген еді. Оның жинаған ақшасы 16 млн теңге болған.

Осыдан кейін 69 жастағы әйел алаяқтарға алданып қалғанын түсінген. Содан кейін барып, полицияға хабарласқан.

Зейнет жасындағы әйелден ақша әкеткен адам 26 жастағы жігіт болып шықты. Күдікті «курьер» қызметі үшін жалпы соманың 10 пайызын алатын болған екен. Бірақ ол ісі іске аспады. Алаяқтардың бәрі ұсталды. Қазір тергеу болып жатыр.

Жақында Астанада осы сияқты тағы бір оқиға болған. Бұл жолы алаяқтар 54 жастағы әйелден 2 млн 650 мың теңгені алдап алған. Олар да көп ұзамай ұсталып, қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама