Шымкентте күзет қызметімен атысқан шетелдікке үкім шықты (ВИДЕО)
Өзбекстан азаматы 15 жылға бас бостандығынан айырылды
Шымкентте 20 ақпанда тапа-тал түсте қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған өзбекстандық азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Үкім қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, шетелдік азаматқа Қылмыстық кодекстің қарақшылық, адам өлтіруге оқталу және қаруды заңсыз сақтау баптары бойынша айып тағылды. Сот отырысында ол өз кінәсін мойындап, қару-жарақ дүкеніне қару алу үшін шабуыл жасағанын, одан кейін банкті тонағысы келгенін айтты.
Сот оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, 20 ақпанда 49 жастағы Өзбекстан азаматы Ілияев-Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында орналасқан қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған болатын. Ол дүкенге кіре алмай, күзет қызметінің адамдарымен атысып қалды. Одан кейін ол қарумен көшеде жүріп, полицейлерге ұсталды. Оны полицияның ұстап жатқан кезі әлеуметтік желіде жарияланды.