×

Мемлекеттік рәміздер күні: Астанада 600-ден астам имидждік іс-шара өткізіледі

Елорда тұрғындары үйлердің терезелері мен балкондарына мемлекеттік Туды іліп қоя алады

 Динара Амантай 03.06.2023 | 18:00
Фото: klike.net

Астанада Мемлекеттік рәміздері күніне орай 600-ден астам имидждік іс-шараларды қамтитын қалалық жоспар бекітілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін қаланың орталық көшелері мен қоғамдық орындарында «Тіл және рәміз-Тәуелсіздік жаршысы!» ісшарасы өтеді, оның аясында елорда тұрғындары мен қала қонақтарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің тарихы жөнінде викториналық сауалнамалар өткізіледі.

Елорда тұрғындары «Ту барлық үйде» республикалық акциясын қолдап, тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарына мемлекеттік Туды іліп қоя алады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «Менің туым-менің мақтанышым!» атты жалпыұлттық челлендж бастау алады.

4 маусымда сағат 09.30-да «Қазақ елі» алаңында елордамыздың қолөнершілері «Аламан құрақ» жобасы аясында жәрмеңке мен ұлттық сәндік киімдер дефилесін тамашалауға шақырады. Іс-шара барысында қатысушылар ең ұзын «Құрақ көрпе» тігіп, «Қазақстанның рекордтар кітабына» жаңа рекорд орнатуды жоспарлап отыр.

Сағат 10.00-де «Бәйтерек» монументінің алаңында «Менің рәміздерім» мерекелік іс-шарасы өткізіледі, концерттік бағдарлама Қазақстанның үздік әскери оркестрлерінің «Әскери керней -2023» әскери-музыкалық фестиваліне ұласады.

Осы уақытта «Мемлекеттік рәміздер» алаңынан 50-ден астам автокөлік пен мотоциклдің қатысуымен дәстүрлі автошеру басталады.

Мереке күні сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін Астана қаласы әкімдігінің Youtube-арнасында «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» телемарафоны өтеді.

Сағат 12.00-де «Қазанат» ипподромында республикалық бәйге («Құнан», «Жорға», «Топ», «Аламан») бойынша турнир басталады.

Кешкі сағат 17.00-де елорда тұрғындары мен қонақтары Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның «Еліме тағзым» атты шығармашылық концертін тамашалай алады.

Айта кету керек, мереке күні елордада кез келген жасқа арналған көптеген түрлі іс-шаралар, оның ішінде ақпараттық сағаттар, кітап көрмелері, түрлі танымдық турнирлер, суреттер мен шығармалар конкурстары, жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы, акциялар және т.б. өткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама