×

«Арселор Миттал Теміртауға» қарасты ЖЭО-2-ні жөндеу жұмыстары кешеуілдеп қалған

Қазандықтағы газ құбырларының учаскелерін жөндеуге келісімшарт жасалмаған

 Динара Амантай 01.06.2023 | 11:11
Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ына қарасты ЖЭО-2-де күрделі жөндеудің кеш жүргізіліп жатқаны анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 30 мамырда Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті аумақтық департаментінің өкілдері энергетикалық кәсіпорындардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығын бақылау шеңберінде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның ЖЭО-2-сіне барған.

2023 жылға арналған жабдықты жөндеудің бекітілген графигіне сәйкес, электр станциясын алдағы жылыту кезеңіне дайындау үшін №1, 2, 4, 5 қазандық агрегаттарында, №3 турбоагрегатта күрделі және кеңейтілген-ағымдағы жөндеулер жүргізу жоспарланған. Қалған негізгі және қосалқы жабдықтар бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.

№1 қазандықты күрделі жөндеу кеш жүргізіліп жатыр. Жұмыстың аяқталу мерзімі 25 мамырдан тамыздың басына дейін ауыстырылды. Жұмыстарды мердігер ұйымдардың 70-ке жуық қызметкері тәулік бойы орындап жатыр. Жұмыстарды жүргізу жүк көтергіш тетіктердің ақаулы күйіне байланысты қиындай түскен. Қазандықтағы газ құбырларының учаскелерін жөндеуге келісімшарт жасалмаған.

Биыл сәуірде жоспарланған №2 турбинаны ағымдағы жөндеу жұмыстары басталған жоқ.

Департамент аталған жағдай туралы тиісті хаттарды «Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығына және өңір әкімдігіне жолдады.

Жөндеу кампаниясының өтуі және Теміртаудағы ЖЭО-2-нің алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің тұрақты бақылауында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама