Балаларды қорғау күні елімізде мыңнан аса іс-шара өтеді
Бірқатар облыстарда «BALAFEST» балалар фестивалі өткізіледі
Елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық құрылымдардың, қоғамның, бизнес пен БАҚ өкілдерінің күш-жігерін біріктіру мақсатында «Балалар игілігі үшін!» республикалық акциясы аясында бірқатар іс-шара жоспарланған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстанның барлық аймақтарында 1 мыңнан аса түрлі іс-шара өткізіліп, оған 3 миллионнан аса бала мен ата-ана қатысады. Бұл – республиканың барлық қалалары мен облыс орталықтарының саябақтарында балаларға арналған гала-концерттерге, мәдени-ойын-сауық бағдарламаларына, музейлерге, саябақтарға, театрларға, спорт нысандарына бару және басқа да іс-шаралар.
Бірқатар облыста «BALAFEST» балалар фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталады.
Сондай-ақ жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және жекелеген санаттағы отбасылардың балаларына атаулы әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «Мейірімділік – балаларға» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Оқушылар арасында «Туған елге тағзым!» және «Ана тілім – тірегім!» атты республикалық челлендждер өткізіледі.
Толығырақ ақпарат облыстардың білім басқармаларының сайттарында орналастырылған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада Балаларды қорғау күні өткізілетін іс-шаралар туралы хабарлаған болатынбыз.