×

Астанада Балаларды қорғау күні қандай іс-шаралар өтеді?

Елімізде 1 маусымда халықаралық мереке атап өтіледі

 Динара Амантай 31.05.2023 | 15:11
Фото: ortalyq.kz

Елімізде 1 маусымда халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесі атап өтіледі. Мерекеге орай елорда әкімдігі бүлдіршіндерге арнап бірқатар іс-шара ұйымдастырып отыр, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Бұл күні іс-шаралар кешені сағат 10:00-ден басталады. Мектепке дейінгі мекемелерде бүлдіршіндер арасында таңғы жаттығу флешмобы өтеді. Сол сияқты, қала мектептерінің спорт алаңдарында жас футболшылар мен футбол командасы арасында марафон ұйымдастырылады.

Сағат 11:00-де өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында «Әсем әуен әлемі – балалық шақ» атты фестиваль өтеді. Ал SOS Астана балалар ауылында өскелең ұрпаққа арнап «Ғажайыптар шеберханасы» акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, дәл осы сағатта Жастар театрында Ә.Файзуллиннің «Ақыл патшалығы» атты ертегісі жұртшылыққа ұсынылады. Ал Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Отаным – бақыт мекенім» іс-шарасын ұйымдастырып, бүлдіршіндер асфальтта сурет салады. Бұдан бөлек, №31 мектеп-гимназиясында инклюзияны қолдау кабинеті ашылады.

Ал сағат 12:00-ден бастап елордада Балаларды қорғау күні мерекесін атап өту ерекше қарқын алады. «Астаналық» саябағында «Балалық шақ» концерті, сол сияқты 17:00-ге дейін шарлармен түрлі мүсіндер әзірлеу, аквагриумнан мастер-класс, робототехникадан «RoBOKOD» байқауы, квест ойындар, «Дәмді әлем» кулинарлық мастер-класы, сабын көпіршіктерінің отшашуы өтеді. Сонымен қатар, 12:00-17:00 аралығында «Жетісу» саябағында арқан тарту, бес тас, асық, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, гір көтеру секілді ұлттық ойындардан турнирлер ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, Есіл өзенінің жағалауында бүлдіршіндерге арнап концерт те қойылады. Сол сияқты, ересектер мен балаларға арналған «Dance zone» супердискотекасы, «Біз бақытты бейнелейміз» мега-панносы ұйымдастырылады.

Сағат 12:00-де Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Балалықтың бойтұмары» концерті, картинг, мотокросс, арқан тарту, шахмат, асфальтқа сурет салу бойынша жарыс, сондай-ақ жас сәнқойлар арасында дефиле флешмобы, көгершіндерді ұшыру іс-шарасы өтеді.

Ұстаздар аллеясында сағат 12:00-де «Балалық шақ – ғажайыптар әлемі» мерекелік іс-шарасы, «Сиқырлы алаң» спорттық эстафетасы, «Отбасымен оқу» көрмесі ұйымдастырылады.

Ал Музыкалық жас көрермен театрында «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісі қойылады.

Бұл күні Амфитеатр аумағында «Болашақ біздің қолымызда» концерті өткізілсе, Астаналық циркте «Балаларға күлкі сыйла» іс-шарасы ұйымдастырылады.

Сағат 14:00-де және 16:00-де Қуыршақтар театрында «Элвин және сиқырлы орманның тұрғындары» қойылымы көрсетіледі. Ал Nomad City Hall сахнасында «Болмаған балалық шақ» ертегісі сахналанады.

Бұдан бөлек, Арбат, Амфитеатр, Demalys Promenade аумағында балаларға арналған Creative summer іс-шарасы 1 маусымнан басталып, тамыз айына дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама