×

Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирін жеңіспен бастады

Енді ол екінші айналымда Чехияның тағы бір жас теннисшісімен кортқа шығады

 Дастан Жұмабекұлы 31.05.2023 | 00:53
фото: ашық дереккөз

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Францияның ашық чемпионаты - «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына шықты.

Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған чехиялық 16 жастағы Бренда Фрухвиртовамен кездесіп, оны 6:4, 6:2 есебімен ұтты.

Бірінші партияда есеп 3:3 болған кезде чехиялық спортшы брейкпен алға шыққан еді. Бірақ Рыбакина оның жеңіске деген жігерін көп ұзатпады.  Қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен сетті  6:4 есебімен аяқтады.

Бренда Фрухвиртова екінші партияда да брейк жасағанымен Рыбакина таразы басын қайта теңестіріп, өз геймін де алды. Есеп -3:2. Содан кейін ол матчты кезекті брейкпен түйіндеді. Осылайша ол екінші сетте қарсыласын  6:2 есебімен жеңді.

Бұл матч бір сағат 17 минутқа созылды. Кездесуде Елена Рыбакина 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Енді ол екінші айналымда Чехияның тағы бір жас теннисшісі, болашағынан зор үміт күттіріп жүрген спортшысы әлемнің 50-ракеткасы, 18 жастағы Линда Носковамен кортқа шығады.

Ал Александр Бублик 3 сағат 20 минутқа созылған тартысты ойында рейтингте 129 орында тұрған италияндық Джулио Зеппиериге - 0:6, 6:4, 6:4, 3:6, 5:7 есебімен ұтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама