Алматыда тағы бір қаржы пирамидасы анықталды
Күдікті Канададағы музыкалық жобаға қаржы құюды ұсынған
Алматыда Hit beat music қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті Hit beat music қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Күдікті жарнамалық шоу-презентацияны өткізу кезінде ұсталды.
Hit beat music (HBM Group) өзін инвестиция саласындағы ақпараттық-талдамалық компания ретінде таныстарып, заңсыз жұмыс істеген. Компания қазақстандықтардың сеніміне кіріп, тұрақты сыйақы алуға кепілдік берген әрі Канададағы музыкалық инвестициялық жобаларға ақша құюды ұсынған, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ HBM Group-тың Қазақстанда заңды тұлғасы, өкілдігі, филиалы, банк шоты болмаған.
Салымшылардың жарнасы кіріс кассалық ордерлерін рәсімдемей, қолма-қол жүргізілген. Қаржы пирамидасына тіркелгендердің саны 2300-ден асады, - деп жазылған хабарламада.
Бүгін Hit beat music қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдікті 2 айға қамауға алынды.
ҚМА мен Прокуратура қазақстандықтарды қырағы болуға, ақшаны күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға кеңес береді.
Сіз және жақындарыңыз Hit beat music қызметінен зардап шексе, агенттіктің call-орталығына хабарласа аласыз:
- 1458 немесе +7 771 444 4570.